Етістіктен өткенді қайталау

Анесова Акдариха Нургалиевна

Егеменді елдің ертеңі – біздерміз

                                                                              Мен жастарға сенемін!

                                                                                              М.Жұмабаев

         Тәуелсіз елім , қазағым !

Тарихыңа қарасам ,

Тартыпсың , өмір азабын , -деп , бастағым келіп отыр . Қаншама жылдар бойы өзім осы тақырыпта оқушыларыма ойтолғау , шығармалар жаздырдым екен ? Енді өзім де осы бағытта жұмыстанып бір көрейінші ! Бұл интернеттегі сайысты өткізу мақсаты да ойтолғау негізіндегі қызыл сөзді көркемдеп өру ғана емес , оқиғаны талдау арқылы өзіндік ой – пікіріңді ортаға салу екен. Олай болса , нартәуекел!

Б. Тілеуханның «Елім менің» әнінің өлең жолдары еріксіз есіме түсе кетті.Неге екенін білмеймін , осы әнді естісем , тұла бойымды шымырлатып , кеудемді бірде мақтаныш , бірде өксік пе буып кететіні бар .Кәдімгідей балаша жылағым келеді. Мүмкін , бұл сезімнің құрсауынан шыға алмайтыным , менің бала кезімнен тіл – әдебиетті сүйіп оқып , «мың өліп , мың тірілген» халқымның , ұлт болып ұюына өмірлерін тәрк еткен хас батыр ұлдарының «қоңыраулы найза қолға алып» елін қорғаған ерен ерлікке толы өмірлері ме екен ? Жан – жақтан қыспаққа алған жауларымен сарабдал саясат жүргізіп , қарым – қатынас орната білген Абылайхандай айбарлымның өзі неге тұрады?!Алашымның ардақты арда емген ұлдарының мақсат – мүдделерінің түбі бір емес пе еді ?

Сонау қылышынан қан тамған кеңес одағы заманында атамекенім Жаңаөзен қаласынының бастауыш сыныбын аттадым.Ес біліп етек жапқалы осы өңірмен бірге өсіп , өркендеп келемін.Талай қуанышын бірге тойлап , қиыншылығын бірге бөлісіп келемін десем де болады! Мұнайлы өлкем елімізге қара алтынымен де танылып , экономикамыздың дамуына орасан септігін тигізіп келеді.Өткен жылдар еншісінде кеткен , мұнайшылар қаласының басына қара бұлт үйіріліп , орталық алаңдағы бүліктің шығуы – өлкемізді біраз әбігерге салды . «Бір қарын майды бір құмалақ бүлдіреді» ,- демекші , «шаш ал десең , бас алатын» алдын – ала дайындалған тентектер мен содырлардың іс – әрекеті жаппай халыққа таңылды , мұнайшылар қауымына жабылды. Өзім көппен бірге сол атышулы күні жоғарғы сынып жетекшісі болғандықтан , мектеп оқушыларын алаңға шеруге апарған болатынмын. Алаңдағы жағдай – бәрімізді састырды.Оқушыларыма тездетіп үйлеріне кетуді талап еткенім есімде...Қанша жыл бойы тер төгіп салған биік ғимараттарды бір түнде  қиратып , өртеп бүлдіргені жаныма қатты батты . Сонда не үшін деймін? Неге өз қолдарымен жасаған , тұрғызған үйлерін жаудай талады?...Кейін оқушыларым сабаққа келгенде , осы мәселеге байланысты әр сыныпта талқылағанда , әрине, жан – жақты дәлелді пікірлерін айтып жатты. Олардың әрқайсысын тыңдай отырып , жас өркендерімнің өз ой – пікірлерін еркін айта білетіндігін байқадым . Бірігіп қорытындылай келе ,біздің жас мемлекетіміздің бейбіт өмір сүруі , өзге елдермен дұрыс қарым –қатынас орната алуы , тамағы тоқ , көйлегі көк болуы , мына мектеп партасында отырып білім алуының өзі – еліміздің , Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасы екендігін мойындады. «Төртеу түгел болған» жағдайда ғана ,ру – руға , жүз - жүзге бөлінбей , ауызбіршілік болған жағдайда ғана – тәуелсіз еліміздің көк байрағы биіктерде мәңгілік желбірей береді .

Міне , біз , бүгінгі ұрпақ - сонау Күлтегін заманынан бермен қарай бабаларымыздың асыл арманына айналған тәуелсіз елдің азаматымы атандық. Бүгінде аңсаған ақ арайдан тараған таңның шапағы елге нұрын шашып тұр . Ел тілегі – егемендік еді , халық арманының салтанатты шағы орнады.Мұны мәңгілік ұстап тұру – өз қолымызда , бәріміз де жауаптымыз .Өркениетке бет алған егеменді еліміздің ендігі болашағы ұрпақ тәрбиесі деген ұлы міндетпен ұштасып жатыр.Меніңше , ең алдымен , қазіргі ұрпақтың бойына ұлттық идея , патриотизмді қалыптастыра білуіміз керек. Сонда қалай жүзеге асыруға болады ? Мұны жүзеге асыратындар – ұлтымыздың ұлықтығы үшін , теңдігі мен елдігі үшін өтейтін әр пенденің қарызы мен парызы болса керек .Бүгінгі күннің биік талабы да осы.Келелі мәселелерді өз – өзінен шешіле  салатын оңай дүние емес. Ол үшін бүгінгі жастардың қажырлы да талапты еңбегі аса қажет.

Елбасымыз өз Жолдауында Джон Кеннедидің «Ел мен үшін не істей алады деп сұрамаңыз , ел үшін өзім не істей аламын деп сұраңыз» , - деген сөздерін айтады.Осы бір сөз астарында терең мағына , астарлы терең ой жатқан жоқ па?

Мен оптимистпін.Мен елімнің ертеңінен қорықпаймын.Оған негіз болатын – алдымда отырған әрбір қара көз шәкірттерімнің білімге деген ынтасы , өз – өздеріне деген сенімі , ой – пікірлерін еркін айта білетіндігі және риясыз шат күлкісі .

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.